«KAP Logistics» ЖШС-нде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету персонал мен халықтың сәулелену деңгейін төмендетуге бағытталған ұйымдық, технологиялық, техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және медицина-профилактикалық кешенді іс-шараларды жүргізу арқылы, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық шарттарды ескере отырып жүзеге асырылады. Ұйымда радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ішкі нормативтік құжаттама бекітілген.
Ұйымның өндіріс орындарында иондаушы сәуле шығарудың мынадай түрлері орын алған:
- альфа-сәулелену;
- бета-сәулелену;
- гамма-сәулелену.
Ұйым барлық нысандардағы радиациялық қауіпсіздік жағдайын үнемі бақылауда ұстайды. Ұйымдағы өндірістік радиациялық бақылауды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау Комитетінде (бұдан әрі – ҚР АЭББК) арнайы дайындықтан, аттестациядан өткен қызметкерлер жүзеге асырады.
Өндірістік радиациялық бақылау төмендегі пункттерді қамтиды:
- «А» тобы қызметкерлерін жеке-жеке дозиметрлік бақылау;
- өндірістік аумақ пен жұмыс орындарын, қоршаған орта нысандарын радиометриялық бақылау;
Персонал мен халықтың радиациялық қауіпсіздігі деңгейін қорғау және көтеру мақсатында төмендегі іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі:
- радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру;
- жұмыс орындарында, үй-жайларда, ұйым аумағында, бақыланатын аймақтарда радиациялық ахуалды жүйелі өндірістік бақылауда ұстауды жүзеге асыру;
- персоналдың жеке сәулелену дозаларын бақылау және есепке алуды үнемі бақылауда ұстау;
- персоналды алдын ала және мерзімдік медициналық тексерістен өткізу;
- персоналға жұмыс орындарындағы иондаушы сәулелену деңгейі мен олардың алған жеке сәулелену мөлшерінің көлемі туралы ақпарат беру;
- атом энергиясын пайдалану объектілерінде жұмыс жасайтын персоналды ҚР АЭББК-нде аттестациялау;
- персоналды радиациялық қауіпсіздік бойынша курстарда оқыту.
Ұйымда адамдарды құтқару, қауіпті өндірістік нысандардың басшылары мен қызметкерлерінің, өнеркәсіптік және радиациялық қауіпсіздік саласындағы кәсіби апаттық-құтқару қызметтерінің әрекетін қамтитын Апаттарды жою жоспары (АЖЖ) құрылған. АЖЖ ұйымның басшысы бекітеді, әрі өнеркәсіптік және радиациялық қауіпсіздік саласының кәсіби апаттық-құтқару қызметімен мақұлданады.
Апатты және оның салдарын жоюға , ең алдымен, апаттық құтқару бригадасының (АҚБ) атом энергиясын пайдалану саласында тиісті лицензиясы бар және міндетті түрде аттестацияланған мүшелері тартылады.
Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорында бекітілген кестеге сәйкес апаттарға қарсы жаттығулар АҚБ мүшелерімен бірлесе отырып жүргізіледі және ықтимал апаттар туындаған жағдайда, оның ішінде радиациялық апаттар мен химиялық заттармен болған апаттар кезіндегі өзара іс-қимылдарды пысықтау бойынша оқу-жаттығулары тұрақты негізде өткізіліп отырады. Апаттық-құтқару қызметі қажетті құрал-жабдықтармен, дозиметрлік аппаратурамен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.