«KAP Logistics» ЖШС және №1 колледжі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «KAP Logistics» компаниясы Созақ ауылының №1 колледжімен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам өңірдегі өндірістік білім мен жастардың кәсіби дайындығын дамытудағы маңызды кезеңге айналды.

Келісімнің шарттарына сәйкес, тараптар тәжірибеге бағытталған оқу бағдарламаларын бірлесе жүзеге асыруды, кәсіпорын базасында тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибелер ұйымдастыруды, сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты — білім беру жүйесі мен нақты экономиканың арасындағы тығыз байланысты қалыптастыру. «Болашақты қолдау — бүгіннен басталады» деген ұранмен іске асырылып жатқан бұл бастама колледж студенттеріне кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, жұмысшы мамандықтарының ерекшеліктерін тереңірек түсінуге және өндірістік салада өз орнын табуға жол ашпақ.

«KAP Logistics» компаниясы адами капиталға инвестиция салудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, білікті мамандарды даярлауға белсенді қатысуға дайын екендігін білдіреді. Мұндай тәсіл қазіргі заманның талаптарына сай келіп, бизнес пен білім беру мекемелері арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.