Болашақ мамандыққа жасалған қадам

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «KAP Logistics» ЖШС 30-дан астам жоғары сынып оқушыларына арналған қызықты, әрі танымдық экскурсия ұйымдастырды. Шара барысында оқушылар Компанияның «ОАТБ» филиалының өндірістік нысандарын аралап, нақты еңбек жағдайларымен танысты. Бұл шара жастарға еліміздің экономикасында маңызды орын алатын жұмысшы мамандықтары туралы көбірек білуге үлкен мүмкіндік берді.

Экскурсия барысында оқушылар кәсіпорынның қызметімен жақын танысып, өндірісте қолданылатын заманауи жабдықтар мен негізгі технологиялық үдерістер туралы толық мәлімет алды. Ең қызық сәттердің бірі мектеп оқушыларына көлікті басқарудың қыр-сырын ойын түрінде меңгеруге мүмкіндік беретін оқу-жаттығу тренажерын сынау болды.

Кәсіпорынға енгізілген инновациялық шешімдерге ерекше назар аударылды. Қатысушылар жұмыскерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи медициналық пункттер мен жайлы демалыс бөлмелерін көрді. Сонымен қатар, жұмыс тиімділігін арттырып, қызметкерлерге түсетін жүктемені азайтатын автоматтандырылған көлік жуу станциясы оқушыларға ерекше әсер қалдырды.

Экскурсия аясында компания өкілдерімен ашық, әрі мазмұнды диалог ұйымдастырылып, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Іс-шара соңында танытқан қызығушылығы үшін әр қатысушыға «KAP Logistics» ЖШС-нің атынан естелік сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шиелі кентінде «KAP Logistics» ЖШС мен «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» арасында маңызды меморандумға қол қойылды. Бұл ынтымақтастық студенттер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өңірде жұмысшы мамандықтарды дамытуға негіз болмақ. Қазіргі таңда Компанияда шамамен 50-ге жуық жұмысшы мамандық бар. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – жастарды өндірістік салаға тарту ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақ арасында бұл мамандықтарға деген тұрақты қызығушылық қалыптастыру.

Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру – экономиканың табысты жұмыс істеуінің негізі болып табылатын жұмысшы кәсіптерді қолдау мен дамыту жолындағы маңызды қадам. «KAP Logistics» ЖШС жастармен белсенді жұмыс істеуді жалғастырып, болашақ мамандардың саналы түрде мамандық таңдауына және оларды қажетті практикалық ақпаратпен қамтамасыз етуге атсалысуда.