Жеңіс күні қарсаңында «KAP Logistics» ЖШС-нің «ОАТБ» және «Шиелі-Сұнқар» филиалдарында жауынгерлік қимылдарға қатысқан ардагерлермен естелік кездесулер өтті. Іс-шараға Ауған соғысына, тәжік-ауған қақтығысына және Таулы Қарабақтағы әскери әрекеттерге қатысқан компания қызметкерлері қатысты.
Ардагерлерге компания басшылығы атынан алғыс хаттар табыс етіліп, олардың ерлігіне, батылдығына және Отанына деген адалдығына ерекше құрмет көрсетілді. Бұл кездесулер бейбітшіліктің қаншалықты қымбат екендігін еске салып, Отан үшін жанын қиған жандардың ерлігін ұмытпауға шақырды.
Бүгінгі күні олардың жанымызда қызмет атқарып жүргені – біз үшін үлкен мақтаныш. Отанға адал қызмет ету – олардың өмірлік таңдауы.
Сондай-ақ, компанияның орталық аппараты тыл еңбеккері - Қамбарова Оразкүл апамызға арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ұлы Отан соғысы жылдарында бар болғаны 12 жасында тылда аянбай еңбек еткен апамыздың еңбегі майдангерлердің ерлігімен тең.
Оразкүл апа алты баланы тәрбиелеп өсірген, 31 немере мен 48 шөберенің ардақты әжесі. Сонымен қатар, ол екі рет қасиетті Мекке қаласына қажылыққа барып келген жан. Кездесу барысында компания қызметкерлері апамызға алғыс айтып, мейірімділік пен даналыққа толы әңгіме өрбітті.
«KAP Logistics» ЖШС барша жауынгерлік және еңбек майданы ардагерлеріне шын жүректен алғыс білдіреді. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және бейбіт аспан тілейміз.
Естен шығармаймыз. Мақтан тұтамыз. Алғыс айтамыз.