"СКК" ЖШС-нің жұмыскерлері таланттарымен танылды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығын, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың туылған күнін мерекелеу қарсаңында, ағымдағы жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың кәсіпорындары тобының жұмыскерлері арасында «Талантыңмен таныл» корпоративті байқауы өтті. Байқаудың мақсаты мен міндеттері – корпоративті мәдениетті дамыту, ұжымды біріктіру, жұмыскерлерді мәдени өмірге тарту, кәсіпорындардағы жұмыскерлер арасында мәдени және корпоративті байланысты нығайту,  «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жұмыскерлерінің шығармашылық бастамасын анықтау және қолдау.

Байқауда барлық шығармашылық жанр қойылды.  Әділқазы мүшелерінің құрамына Қазақстанның шоу бизнесіндегі жұлдыздары қатысты. Байқау 4 кезеңнен тұрды: таңдау бөлімі, үшінші кезеңнің қатысушыларын таңдау үшін әділқазылардың сапарға шығуы, интернет – дауыс беру, соңғысы Астана қаласындағы гала-концерт.

«Сауда-көлік компаниясы» ЖШС бойынша 6 адам қатысуға өтінім берді. «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС орталық аппаратынан Ұлжан Сатыбалдықызы Сауранбаева қатысты. Мәнерлеп оқу жанры бойынша қатысып, соқыр қыздың рөлін сомдады. Музыканың ырғағымен өз соқырлығы жайында айтып, бізге берілген денсаулықты бағалауға шақырды, кез-келген уақытта ауру немесе кеселдің кесірінен айырылып қалуымыз мүмкін ғой. Көзілдірік киіп, қолға ұстаған таяғы және соқыр қыздың бар қозғалысын салуы әділқазы мүшелеріне ерекше әсер етті.

«Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-нің «СКК-Шиелі» филиалынан 2 адам қатысты. Оның бірі Ерлан Нұртазаұлы Жусупов. Оның барлық отбасы мүшелері «Талантыңмен таныл» байқауына құлшыныспен қатысты. Анасы мен әйелі костюм тіксе, ағасы сөзін жазып, ал Ерлан әуенін ойлап тапты. Ұлттық аспабымыз домбырада ойнап, көрерменнің көзайымына айналды, себебі бұл туынды Қазатомөнеркәсіптің туылған күніне арналған еді.

«Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-нің «ОАТБ» филиалынан 3 жұмыскер қатысты, оның ішінде екеуі: «Қыземшек» автошаруашылығының трактористері Нұржан Ақбергенов пен Нысанәлі  Абилдаев 4-ші кезеңге өтіп, Астана қаласында өткен Қазатомөнеркәсіптің туылған күніне арналған гала-концертке «Жан ана» әнімен қатысты.

  «Оңтүстік қазақстан облысы Созақ ауданынан келу мүмкіндігін алып, «Талантыңмен таныл» байқауының қатысушылары арасынан жеңімпаздар дипломын алғанымыз ғажап болды. Өз ризашылығымызды гала-концертке қатысуды ұйымдастырып берген «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС басшылығы мен «ОАТБ» филиалы директорына білдіргіміз келеді. Байқаудың ұйымдастырушыларына үлкен алғыс.  Ұлттық атом компаниясының гүлденуіне тілектеспіз» - деп Нұржан Ақбергенов ағынан жарылды.

Қазатомөнеркәсіп пен «Талантыңмен таныл» байқауы әр қызметкерге өзін эстрадалық әртіс рөлінде көрсетіп, өз шығармашылық ынтасын ашуға мүмкіндік берді. Бұған өз таланттарын жоғары деңгейде көрсете біліп, жеңіске деген сеніммен өнер көрсеткен біздің қызметкерлеріміз куә.