Мемлекет басшысы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады

Кездесуде Елбасыға «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы жұмысының нәтижелері туралы есеп берілді, сондай-ақ жалпы атом саласын дамыту барысы жөнінде мәлімет ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаев атомды бейбіт мақсатқа пайдалану мәселесіне және атом электр стансалары жұмысындағы жаһандық үрдістерге назар аударды.

Сондай-ақ, А.Жұмағалиев Қазақстан Президентіне өткен жыл қорытындысы бойынша кәсіпорынның жоспарланған барлық өндірістік және қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізгенін баяндады. Компанияның нақты табысы алғаш рет 108 млрд теңгеден асқан.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына кәсіпорынды трансформациялау бағдарламасының іске асырылу барысы туралы мәлімделді. Одан 16 млрд теңгеден астам экономикалық пайда түскен.

Елбасы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясын әртараптандыру және жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар тапсырма берді.

 

http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/meetings_and_receptions/memle...