«СКК-Шиелі» ұжымы кәсіпорынның байырғы қызметкері Оспан Болат Қазбекұлын зейнеткерлікке шығарып салды.
Ол кісі еңбек жолын 1984 жылы «Гигант» колхозында бастап, инженер-механик болып жұмыс істеді. 1987 жылы №6 кен басқармасындағы автошаруашылықта слесарь ретінде жұмысқа кірісті. Осы 33 жыл ішінде қатардағы слесарьдан учаске бастығына дейін өсіп, әр түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Болат Қазбекұлы бүкіл жұмыстың қыр-сырын меңгерген. Ол өзін адал және еңбекқор қызметкер ретінде көрсетіп, өз ісінің нағыз шебері, жас мамандарға тәлімгер бола білді.
Болат Қазбекұлы филиалдың дамуына елеулі үлес қосты. ДСМ учаскесі оның басшылығымен жаңа келбетке ие болды: онда әрдайым таза, ұқыпты және жайлы, барлығы үнемді өндіріс принциптеріне сай ұйымдастырылған. Еңбекқорлық, зейінділік, адалдық, шыдамдылық, кішіпейілділік – бұл қасиеттердің барлығы оған өз мақсатына қол жеткізуге, әріптестерінің сенімі мен құрметіне бөленуге көмектесті. Еңбек ескерусіз қалған жоқ: 2015 жылы ол СКК-нің 10 жылдығына орай Құрмет грамотасымен, 2017 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның құрылғанына 20 жыл толуына орай «Самұрық-Қазына» АҚ Құрмет грамотасымен марапатталды.
«СКК-Шиелі» филиалы ұжымы Болат Қазбекұлына зор денсаулық, табыс және қуаныш тілейді!